Жамбыл облысы
әкімдігінің білім басқармасы

Мекен-жайы: Тараз қаласы, Төле би көшесі №35
Индекс: 080012 
Ақпарат алмасу телефоны 43-88-05 
Сенім телефоны 43-88-81 
E-mail: taraz_0000@mail.ru
Адрес:г. Тараз, ул.Толе би №35
ин. 080012 
Контактная информация по телефону 43-88-05 
Телефон доверия 43-88-81 
E-mail: taraz_0000@mail.ru

Управление образования

акимата Жамбылской области

-A A +A

Басшы блогы

"Ұрпақ +" клубы

Зияткерлік-танымдық ойындар мен конкурстар

"Балаға мейірімді Қазақстан!"

ЭКСПО-2017: Кешенді бағдарлама

Ұлттық зияткерлік меншік институты

Жүйеге ену

Жаңалықтар жиынтығы

Қазақстан Республикасының шет елдерге оқуға кететін азаматтарына арналған дін мәселелері жөніндегі ЖАДЫНАМА

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ДІН ІСТЕРІ КОМИТЕТІ

Қазақстан Республикасының шет елдерге оқуға кететін азаматтарына арналған дін мәселелері жөніндегі ЖАДЫНАМА

Астана - 2014

Қымбатты отандастар!

Сіздер өздеріңіздің келешектегі тағдырларыңызды айқындайтын мамандық таңдау табалдырығын аттағалы тұрсыздар. Ол – Сіздердің алдағы уақытта қоғамда өз орныңызды таба білуіңіздің, Отанымыздың игілігіне қызмет етіп, табысты әрі жетістігі жоғары тұлға ретінде қалыптасуыңыздың кепілі.

Сіздердің таңдауларыңыз – шетелде білім алу. Әрине, бұл - жауапты сәт әрі ерекше ғибратты міндеттемелерді қажет етеді.

Кез келген мемлекеттің өзіне тән әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрлері, мемлекеттік құрылымы мен қалыптасқан қоғамдық қарым-қатынастар жүйесі бар. Сондықтан шет мемлекетте жүргенде, Сіздер өз Отаныңыздың өкілі екендіктеріңізді, төл мәдениеті мен рухани құндылықтарын естен еш шығармауларыңыз керек. Сіздердің мінез-құлықтарыңыз бен іс-әрекеттеріңізге қарап, дүниежүзі қоғамдастығы Қазақстанды бағалайды, еліміздің бейнесін көз алдына елестетеді.

Сондықтан жалпыға ортақ әдеп пен мораль нормаларын ұстанған жөн, оқу үшін таңдап алған ел дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын қастерлеген абзал. Дегенмен, өзге мәдениет аясы, басқа рухани ортаға түсе отырып, өздеріңізді қалыптасқан, өзіндік жеке даму моделі арқасында ілгерілеп келе жатқан зайырлы мемлекеттің өкілі екендіктеріңізді ұмытпағайсыздар!

Алдарыңызға ұсынылған құжат Қазақстан азаматтарына шет мемлекетте өзін-өзі дұрыс ұстау амалдарына, әртүрлі өмірлік жағдайларда дұрыс іс-әрекет жасауға, сонымен қатар өзге елге бейімделе білуді үйретуге арналған.

ЕРЕЖЕ № 1

Жоғары оқуға түсу мақсатымен шетелге шығу алдында әр азамат таңдаған оқу орнының ресми мәртебесінің бар екенін анықтауы, ол туралы интернет (сайттар, ұсыныстар) мүмкіндіктерін пайдаланып, мәлімет алуы, ҚР Сыртқы істер министрлігінен, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасында аккредитациядан өткен сол мемлекеттің елшілігінен қажетті анықтама ақпаратты жинауы тиіс.

Мұсылман діни білімін алуға ниетті азаматтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен алдын ала кеңес өткізу керек.

Христиан діни білімін алуға ниетті азаматтар Қазақстан Православиелік шіркеуінің Митрополит округінің алдын ала кеңесі қажет.

ЕРЕЖЕ № 2

Шетелге шығу алдында болашақта оқитын елдегі Қазақстан Республикасының елшіліктері мен консулдық мекемелерінің барлық мекен-жайларын біліп алған жөн. Олар туралы ақпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің www.mfa.gov.kz  сайтында көрсетілген.

Болашақта тұратын ел туралы ақпарат алдын ала жинаған жөн. Оның ішінде:

елдің қоғамдық-саяси жағдайы;

жағдайдың ушығуы салдарынан Қазақстан Республикасы азаматтарының белгілі бір елге сапар шегу шешімінің қолайсыздығы (мәліметті ҚР Сыртқы істер министрлігінен алуға болады);

ел заңдары мен ондағы дін мен мемлекеттік-конфессиялық ара қатынастары туралы;

баратын шет мемлекеттегі қоғамның ерекшеліктері мен жүріс-тұрыс мәдениетінің, білім беру орындарында, қоғамдық орындарда, т.б. жерлерде өзін-өзі ұстау қағидалары мен өзгешеліктері;

дін мәртебесі, конфессиялық құрам мен мемлекеттік құрылым ерекшеліктерін және т.б.

ЕРЕЖЕ № 3

Шет мемлекетке келгеннен кейін Қазақстан Республикасының елшілігіне немесе консулдығына барып, 1 ай көлемінде консулдық есепке тұру керек.

Оқитын елдегі Қазақстан Республикасының елшілігі немесе консулдығымен тұрақты түрде байланыс жасап тұру қажет. Сонымен қатар, мүмкіндігінше, олардың тарапынан ұйымдастырылатын қоғамдық-мәдени іс-шараларға қатысып тұрғаныңыз абзал.  

Сол елде оқитын өзге қазақстандық студенттермен де танысып, қарым-қатынаста болу керек.

Сонымен бірге тұратын мемлекеттің барлық қажетті төтенше қызмет көрсету мекемелерінің (жедел медициналық жәрдем, полиция қызметі, өрт сөндіру, төтенше жағдайлар және т.б.) байланыс және мекен-жайларын біліп алған дұрыс.

ЕРЕЖЕ № 4

Шетелде болған кезде сақтық таныту, жүріс-тұрысқа абай болу қажет.

Жаңадан танысқан адамдармен мұқият әрі абай болу керек. Көшеде, не болмаса өзге қоғамдық орындарда бейтаныс адамдардың тарапынан жеке мәліметті сұрайтын анкеталар ұсынылатын болса, оларды толтырмағаныңыз жөн болар.

Сонымен бірге ақысыз материалдық көмек немесе соңдарыңыздан қалмай басқа да тегін жәрдем ұсынатын әртүрлі үкіметтік емес, соның ішінде діни қорлар мен ұйымдар өкілдерімен қарым-қатынас жасаудан тартыну керек.

ЕРЕЖЕ № 5

Негізгі білім алу үдерісі барысында Жоғары оқу орны аумағынан тыс жерлерде ұйымдастырылатын қосымша түрдегі оқыту курстарынан, лекциялардан, практикалық сабақтардан алыс жүрген дұрыс. Оларды жергілікті немесе шетелдік діни уағызшылар, бейресми діни қайраткерлер жүргізуі мүмкін.

Баз біреу бейтаныс адамдармен әртүрлі діни тақырыптарда сұхбаттаспаған жөн. Егер, көшеде, немесе басқа да қоғамдық орындарда бөгде біреу, соның ішінде тіпті балалар, Сізге парақшалар, журналдар, кітапшалар, кітаптар және т.б. түріндегі діни әдебиетті тарататын болса, оларды алудан сыпайы бас тартқаныңыз жөн.

 ЕРЕЖЕ № 6

Шет елдердегі кейбір діни ұйымдар өз іс-әрекеттерін әртүрлі зайырлы атауларды пайдаланып, жасыратыны белгілі. Мәселен, экстремистік ұйымдар өзіне жаңа жақтастарды тарту мақсатымен ағылшын тілін, психологияны, тұлғаның өзін-өзі дамытуын, Құран үйретуді, араб тілін тегін үйрету курстарына шақыруы мүмкін.

Жаңа жақтастарды табу «экологиялық форумдар», «қарым-қатынас жүргізу мектептері», «шешендік өнер курстары» деген сияқты қызмет түрлерінен де көрініс табады.

Егер, оқитын елде қандай да бір діни ұйымның нысандарын көрсетуге байланысты бірнеше рет қайталанатын ұсыныс айтылса, ондайдан аулақ болған жөн.

Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметтеріне тыйым салынған діни ұйымдар өкілдерінің уағыздары жазылған аудио және бейне материалдарды тыңдамаған әрі қарамаған жөн.

Сот шешімі бойынша қызметтеріне тыйым салынған діни ұйымдар туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істер комитетінің www.din.gov.kz. cайтында үнемі жаңартылады.

ЕРЕЖЕ № 7

Егер Сізді жергілікті құқық қорғау органдары тоқтатып, тергесе, не болмаса Сізге діни ұйым немесе ағым өкілі кездесіп, қауіп төндіретін, дін негізіндегі тартыс-таласқа және т.б. жағдайға тап болсаңыз, өзіңіз тұрған мемлекеттегі Қазақстан Республикасының елшілігіне немесе консулдығына дереу хабарласу қажет.

Шет тіліндегі кез келген хаттамалар мен өзге құжаттарды Қазақстан Республикасы елшілігі, немесе консулдық мекемесі қызметкерінің қатысуымен ғана толтырып, қол қоюыңызға болады.

ЕРЕЖЕ № 8

Шетелдік мемлекетте оқу кезінде сол мемлекеттің заңдары мен нормалары Сіз үшін де қатысты болып табылады. Сондықтан оларды бұлжытпай орындауыңыз керек.

Сіз тұрған мемлекеттің заңдарын білмеу Сізді заң талаптарын бұзу жауапкершілігінен босатпайды.

ЕРЕЖЕ № 9

Сізге Қазақстан Республикасының барлық аумағында сот шешімімен тыйым салынған діни бірлестіктердің тізімін білген жөн. Олардың қатарына:

1) «Әл-Қаеда»;

2) «Шығыс Түркістанның ислам қозғалысы»;

3) «Өзбекстан ислам қозғалысы»;

4) «Күрдтер халық конгресі» («Конгра-Гел»);

5) «Асбат әл-Ансар»;

6) «Мұсылман бауырлар»;

7) «Талибан» қозғалысы»;

8) «Боз гурд»;

9) «Орталық Азия моджахедтер жамағаты»;

10)       «Лашкар-е-Тайба»;

11)       «Әлеуметтік реформалар қоғамы»;

12)       «АУМ Синрикё»;

13)       «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы»;

14)       «Түркістан ислам партиясы»;

15) «Хизб-ут-Тахрир»;

16) «Таблиғи жамағат»;

17) «Халифат сарбаздары»;

18) «Алля-Аят»;

19) «Атажолы» (Ақ жол);

20) «Сенім. Білім. Өмір»;

21) «Ат-такфир уаль-хиджра»

Бұл тізім Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істер комитетінің www.din.gov.kz. cайтында үнемі жаңартылады.

ЕРЕЖЕ № 10

Теріс діни ағымдарды анықтап, алатын белгілер:

1. Діни басшы және оның құрған тобының жеке діндар тұлғасынан дараланып, маңызының жоғары болып көрсетілуі;

2. Ұйым мүшелерінің санасы мен жүріс-тұрысының діни басшысы жағынан үнемі бақылауда болуы. Олардың жеке өмірлерінің қатаң тәртіппен өтуі. Сырттан келіп түсетін ақпараттқа шектеу мен бақылау орнату.

3. Әлемдік және дәстүрлі діни мәтіндердің белгілі бір мақсат аясында әдейі бұрмалануы, өз қағидаттарына сай өзгерту. Әлемдік және дәстүрлі діндерді «шын діни ілімнен» адасуда айыптау. Дәстүрлі  діни мәтіндерін «жаңа» тілге «аудару».

4. Белсенді әрі тұрақты түрде өздеріне жаңа жақтастарды іздеу, жинау.

5. Діндарлардың бойына «діни менталитетті» сіңіру үшін саналарын бақылауда ұстау мен бағдарламалаудың арнайы техникаларын пайдалану. Психологиялық тәсілдерді қолдану.

6. Екі түрлі ілімнің қолданылуы: бірі – сыртқы ортаға, екіншісі – мүшелікке қабылданғандар үшін. Қатардағы жақтаушылардан (адепт) шынайы мақсаттар мен іс-әрекеттердің салдарын жасыру.

7. Ұйым ішіндегі қатаң иерархияға бағыну.

8. Өз мүшелерінің өзге адамдармен салыстырғандағы артықшылығын насихаттау, әлемдік және дәстүрлі діндерге деген төзімсіздік, оларды менсінбеу.

9. Өзіндік ерекше діни тілдің қолданысы. Мүшелікке қабылданбаған адамдарға түсініксіз сөздік қорын, «жаңа тілді» пайдалануы.

10.       Топқа және топ басшысына бағыну бағытын алу. Мұндағы басшы – сыннан тыс, сөзсіз бедел мен билікке ие; діни ережелерді орындау міндеткерлігінен босатылған; жамағат қызметінің стратегиясы мен пішімін белгілейді, басқаша ойлауды қатаң жазалайды; өз жақтастарының ой өрісін, сана-сезімі мен жүріс-тұрысын толық бақылауда ұстайды.

 

ЕРЕЖЕ № 11

Төменде аталып көрсетілген белгілерге қарап, Сіз айналаңыздағы адамдардың теріс ұйымдарға кіргенін анықтай аласыздар:

1. Оқудағы талап-тілектерінің өзгеруі. Адамның оқуға, болашақ мамандығына деген немқұрайлығы пайда болады. Ол достарымен аз араласып, туған-туыстарынан алыстайды. Білімге, үйреншікті көңіл көтеру шараларына, әуесіне құштарлығы азаяды.

2. Жүріс-тұрысының өзгеруі. Адам күнделікті әрекетіне, үйреншікті ісіне сәйкес келмейтін, кейде ашулы қылық көрсетеді, барлық нәрсеге салқын қарайды. Бұрынғысынан бетер тұйықталып, эмоциялары басылған немесе асыра эмоционалды болып кетеді, түсініксіз асыра сүйсінушілік танытып, жаңа істің игілігі үшін кез келген нәрсені құрбан етуге дайын екенін білдіреді.

3. Сөзінің өзгеруі. Адам жаңа, өзіне тән емес сөздерді, сөйлемдерді, терминдерді пайдалана бастайды; жат сөйледі; сөйлеу мәнері өзгереді, сөзі қайталанып, дауысында мазасыздық, бірсарындылық байқалады.

4. Әдеттерінің өзгеруі. Адамның тамақтану тәртібі өзгереді, киім үлгісі де өзгеріске ұшырайды; көп уақытын діни әдебиет оқуға арнайды, медитациямен ынта танытып шұғылданып, жиі дұға оқиды.

5. Өмір қалпының өзгеруі. Достарымен, әріптестерімен қарым-қатынасының шектеулі екеніне қарамастан, адамның көптеген телефон арқылы сөйлесулері пайда болады, хаттар көптеп келіп түсіп, кездесулерге, жоспардан тыс жиналыстарға, семинарларға, т.б. жиі қатыса бастайды. Университеттегі оқуынан тыс ел ішінде немесе шетелдік сапарлары пайда болуы мүмкін.

6. Негізсіз ақша шығындарының көбеюі, қарыз алу жағдайының жиілеуі. Адамның тамақтануға, оқу әдебиетін сатып алуға, киіміне, көлікпен жүріп тұруына, спортпен шұғылдануына, т.б. қатысты күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге жұмсалатын қаражаттың көлемі ұлғаяды.

Жалпы алғанда, адам бойында аталған өзгерістер анықталған жағдайда, жеке тұлға мен теріс сипаттағы діни топ арасында алғашқы байланыс орнауы мүмкін.

Мұндайда, жеке қауіпсіздік шараларын қолданып, Қазақстан Республикасының Сіз оқып жүрген елдегі елшілігіне немесе консулдығына шұғыл түрде хабарласу керек. 

Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауы.

Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері

"100 нақты қадам" – Ұлт жоспары

 

  

WORLDDIDAC Astana 2017

Жемқорлыққа жол жоқ

Серпін- 2050 Мәңгілік ел жастары

«БІТІМГЕР» медиация және құқық орталығы

Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізімі